
Автор туралы
Абдулхамит Ысқақұлы Райымбергенов дәстүрлі күйшілер отбасында дүниеге келген. Атасы Райымберген Қазанғаптың көзін көріп, оның орындаған күйлерін тыңдаса, әкесі Ысқақ – Ақтөбе өңіріндегі дәстүрлі мәдениетіміздің дамуына бар өмірін арнаған танымал күйші, ұстаз.
Абдулхамит ата жолын қуып, 1976 жылы Ақтөбе музыка училищесін домбыра класы бойынша бітіріп, ал 1981 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын тәмамдаған. Қазанғап өмірі мен шығармашылығын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғап, өнертану ғылымдарының кандидаты атанды. Жалпы білім беретін мектептерге арналған нотасыз домбыра үйрету әдістемесінің және «Мұрагер» бағдарламасының авторы. Телевизия саласында да ұлттық өнерімізге қатысты көптеген авторлық бағдарламаларды ұйымдастырып, көрермен назарына ұсынды.
Сайра Шәкірқызы Райымбергенова К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде кәсіби білім алып, Алматы консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде жалғастырған. Қазақтың дәстүрлі аспаптық музыкасының шығу тарихынан кандидаттық диссертация қорғаған. Өнертану ғылымдарының кандидаты, PhD докторы. Сонымен қатар консерваториядағы дәстүрлі ән-күйлердің негізінде жасалған жаңа «Этносольфеджио» пәнінің авторы.
2013 жылы жалпы білім беретін мектептің «Музыка» пәні бойынша бастауыш және орта сыныптарына арналған Мемлекеттік стандарт авторларының бірі болды. Жалпы білім беретін мектептің 1–6-сыныптарына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі «Музыка» оқулықтарын дайындап, жарыққа шығарды.
