Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында қазақ мәдениеті саласында өзінің ерекшелігімен көзге түскен өнер ұжымы — Республикалық фольклорлық сазды «Мұрагер» ансамблі еді. Ансамбльді ұйымдастырып, көркемдік жетекшілік еткен Абдулхамит Райымбергенов. «Мұрагер» ансамбілі бүкілодақтық, халықаралық фестивальдерге қатысты. Италия, Франция, Австрия, Индия, Жапония, Шри-Ланка елдеріне гастрольдік сапарларға шықты. 1985 жылы Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестивалінің дипломанты болды. Ал «Көкіл» мектебі — Абдулхамит Райымбергенов негізін қалап басқарып отырған тұңғыш қазақ жекеменшік білім ордасы. «Көкілдің» табалдырығын аттаған кез келген бала қолына домбыра алып, қазақ өнерінің қайнар бұлағынан қанып ішеді. Домбыра аспабын жетік меңгерген «Көкіл» оқушылары әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр. Абдулхамит Райымбергеновтің мерейтойында аты тарихта қалған «Мұрагер» ансамбілі мен ізбасарлары — «Көкіл» оқушылары сахнаға бірге шығып, ұрпақ жалғастығының бір көрінісі болды.